Еліміздің мектептерінде беріліп отырған білім үнемі зерттеу нысандарының қатарынан түспейді. Оның басты себебі – білім беру жүйесін болашақ ұрпақтың, жалпы алғанда, ұлтымыздың бәсекеге қабілетті болып қалыптасуын қамтамасыз ету.
Өкінішке орай, жүргізілген отандық және шетелдік зерттеулер елде беріліп отырған білім сапасының жеткілікті деңгейде жоғары еместігін көрсетті. Әсіресе қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығы көңіл қынжылтады. Атап айтқанда, математикалық және ағылшын, орыс, қазақ тіліндегі оқу сауаттылықтары жағынан ауыл балаларының алып отырған білімінің сапасын арттыруға жұмыс жасау керек екені мәлім болды.
Осы мәселенің шешілуі өте маңызды деп білеміз, өйткені ауыл аймақтағы жас жеткіншектеріміздің арасында білімге құштар, талантты балаларымыз аз емес. Сондай мақсат негізінде 2019 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев жас таланттар мен көшбасшыларды қолдау және дамыту жөніндегі «El Úmiti» бастамасын көтерді.
Қазіргі таңда аталған бастаманы жүзеге асыратын бірнеше жобалар жұмыс жасауда. Соның бірі – «Birge oqý» жобасы. «Birge oqý» жобасының басты мақсаты – еліміздің түпкір-түпкірінде тұрып жатқан білімге құштар ауыл балаларын елдегі ең мықты, кәсіпқой ұстаздармен байланыстыра отырып, қашықтан білім беру.
Қазіргі кезде «Birge oqý» жобасында 4 мыңнан астам ауыл балалары шалғайда отырғанына қарамастан Назарбаев Зияткерлік мектептері, физика-математика, Дарын және елордадағы лицейлер мен гимназиялардың ұстаздарынан білім алып отыр.
Бұл жобаны қазіргі уақытта Нұрсұлтан Назарбаев қоры, Алматы, Шымкент қалаларының және Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда облысының әкімдіктері қаржыландыруда. Сондықтан да осы бастаманы қолдағаны үшін Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Әкімдіктерге алғысымызды білдеріміз.
Егер де «Birge oqý» жобасына өз балаларыңызды қатыстырып, математика, қазақ, ағылшын, орыс тілдері бойынша сауаттылықты арттырамыз десеңіздер, бізге хабарласып, оның шарттарымен таныса аласыздар. «Birge oqý» жобасы туралы ақпаратты birgeoqy.kz мекен-жайынан, ал «Birge oqý» жобасындағы өміріміздің тыныс-тіршілігі жайлы ақпараттарды біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымыздан көре аласыздар. Назарларыңызға рақмет!
«Birge oqý» сайтына көшу