Көпшілігіміздің туып-өсіп, жігіт болып қалыптасу кезеңіміз алтын бесік – ауылда өтті емес пе? Алайда ауылымыздағы мектебіміздің қазіргі жай-күйін көз алдымызға елестетіп көрсек, біразымыздың көңіліміз толмауы мүмкін. Тозығы шыққан ғимараттар, сарғайған кітаптар мен оқулықтар, сабақтың мазмұнын жетік аша түсетін құралдардан жұрдай класстар мен ішерге таза суы мен барарға ішкі әжетханалары жоқ мектептер.
Өкінішке орай, еліміздің басшылығының бұл мәселені демде шеше қойып, мектептерді ауылдың алтын бесігіне айналдыруға мүмкіндігі болмай отыр. Білім басқармалары бұл жұмыстарды жоспарлап,кезең-кезеңімен жүргізіп келеді, бірақ уақыт ешкіммен де санаспайды.
Мектептерді бірте-бірте қалпына келтіру үшін біраз уақыт керек болады, бірақ ол уақыт аралығында қаншама ұрпақ білім алып, үлкен өмірге қадам басып кетеді. Білім министрлігінің мәліметіне қарасақ, елде 3500-ден аса ауыл мектептері бар. Сол мектептерден жыл сайын білім алып шығып отырған балаларымыз еліміздің ертеңгі экономикасына өз үлестерін қосады. Сондықтан да ел экономикасының болашақ әлеуетін арттыру үшін мектептерді жаңғыртып, ауыл білімінің сапасын көтеру керек.
Жобаны бастаған қоғам қайраткері, ұлтына, тіліне жанашыр ғалым – Рауан Кенжеханұлы. Бұл азаматтың қолдауымен Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл мектебі қамқорлыққа алынып, оның жаңғыруына 300 миллион теңгеден астам қаражат құйылды. Бұл мектептің білім сапасын, мазмұнын жаңғыртуда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің басшысы Күләш Ноғатайқызы көп үлес қосып келеді. Сондықтан да бұл азаматтарымызға үлкен алғысымызды білдіреміз.
Ауыл мектебінің адам танымастай өзгеруі ауыл жұртының елдің жарқын болашағына деген сенімін арттыра түскендей болды. Ауыл халқы, ауыл балалары мен ұстаздары жаңғырған мектепті көріп, көптеген жылдар бойғы асыл армандарына қол жеткізгендей болды.
Осы жобаны енді ел ішінде кеңінен таратуға кірісе бастадық. Бұл жобаға сенім артқан еліміздегі қалталы азаматтар ел ісіне араласып, өз үлестерін қосуға болатынын көріп, көмектесуге құштар болып отыр. Қазіргі кезде еліміздің 100 мектеп құрылысын жүргізіп, 500-ден аса ауыл мектептерін жаңғыртуға көмек бере алатын ел азаматтары байланысқа шығып жатыр.
Қазіргі кезде бұл жобаны жүзеге асыру үшін өңірлердің басшылықтармен байланысып, ел аралап жүрген жайымыз бар. Сондықтан да жобаға қызығушылық білдірген өңір әкімдіктері, мектеп басшылары және еліне жанашыр қалталы азаматтар болса, хабарласуларыңызды сұраймын.
Сіздердің назарларыңызға жүзеге асқан алғашқы жобамыздың көрінісін ұсыналық. Бұл мектептің жаңғыру тарихы туралы Рауан Кенжеханұлының әлеуметтік парақшаларынан және http://kzh-abay.edu.kz мекенжайынан таба аласыздар.
Жүктеп алу