Қоғамдық қор туралы

Қадірлі ағайын!

Еліміздің мәңгі жасауы үшін ұрпағымызды Ер етіп тәрбиелеуіміз керек екені бәрімізге мәлім

Осы мақсұтты жүзеге асыру барысында біраз жыл ізденісте болып, көптеген жобаларды ой елегінен өткіздік.

Нәтижесінде, іздегеніміздің барлығы Абай атамыздың мұрасынан табылды. Ендігі арманымыз да, міндетіміз де – Абай атамыздың шығармаларындағы ілім мен құндылықтарды ұлттың әлеуетін арттыру жолында үлкен ыждағатпен пайдалану.

Әр адамның өмірінде білім алу мен өзін-өзі тәрбиелеуді өз алдына бір мектеп десек, біз де ауқымды жобаларды жасауға ұмтылған ұйымымыздың атауын «Abay mektepteri» деп атадық

Бұл қорда жұмыс жасап жүрген жандар – жүрегі «Елім» деп соққан қарапайым азаматтар, өз ісінің майталмандары. Әрқайсымыз отбасымыздың ырысын бүтіндеп, елімізге өнімді қызмет ету жолында алаңсыз еңбектенуіміз үшін жобаларымыз қаржыландыруды қажет етеді. Сондықтан да олар жергілікті әкімшіліктермен, бауырмал азаматтарымыздың қолдауымен және жекелеген азаматтарға көрсететін ақылы қызметтеріміз арқылы қаржыландырылады. Бұл іске қатысып, араласып, өз көмегін берем деушілерге есігіміз әрқашан ашық.

Ал енді Абай мектептерінің жобаларымен танысуға шақырамын. Егер де танысу барысында өз ұсыныстарыңыз бен тілектеріңізді білдірсеңіздер, құба-құп болар еді.

Құрметпен, қор жетекшісі Ерлан Аманжолұлы.