Абай ілімімен өмір сүр! Жексенбілік оқулар.

Елде болып жатқан жағдайды қарап отырсаң, жастарымыз да, үлкеніміз де бақытты болудың, жетістікке жетудің жолдарын іздестіру үстінде екен. Осы жолда әр түрлі ілімдерді жүргізетін шетелдік және отандық мамандар келіп, түрлі семинарлар, тренингтер өткізіп, халықтың арасында ағартушылықпен айналысуда.

Оның қайсысы нәтижелі, қайсысы адамды тура жолға қоятыны анық емес. Өкінішке орай, оны ажыратып алмаған бауырларымыздың қалтасы қағылып, тіпті кейбіреулері ниеті түзу емес ұйымдардың құрбаны болып жүр.

Не істемекке керек? Халыққа тура жолды көрсетуге кімнің қақы бар және ол қандай ілім ұсына алады?

Біздің ойымызша, ол – Абай атамыздың мұрасы! Кемеңгер Абай атамыздың ойлары тек әдеби шығарма ғана емес, ол тұнып тұрған копинг стратегия, яғни адамды бақытты етуге апаратын жол. Абай атамыздың еңбектерінде ғасырлар бойы жинақталған ұлттық даналық, ұлттық құндылық жатыр. Жүздеген жылдар бойы сүрленген ілім жатыр! Осы ілімнің арқасында ата-бабаларымыз елімізді, жерімізді, мәдени мұрамызды сақтай алды емес пе? Ендеше, біздің қазақ елі болып жарқын болашаққа бағыт алуымыз үшін бұдан артық не керек?

Осы ойлардың негізінде «Абай ілімімен өмір сүр» деген жоба дайындап отырмыз. Бұл жобада Абай атамыздың бала тәрбиесі, жастарды жетістікке апаратын ұстанымдары, отбасы құндылықтарын сақтап, бақытты болудың жолдары жөніндегі ойлары мен кәсіп таңдап, баянды еңбек етуде басшылыққа алынатын идеялары ұсынылады. Жобаға абайтанушы ғалымдарымыз, психолог, педагог мамандарымыз тартылады. Бұл ұжымның дайындаған жоспары бойынша жиырма бес апта бойы онлайн әңгіме-дәрістер өткізіледі. Әңгіме-дәріс стиліндегі сабақтарымыз жоспар бойынша әр жексенбі күні таңғы сағат 10.00 мен 11.00 аралығында өтеді. Оны жүргізу үшін Омар Жалелұлына өтініш жасап отырмыз. Абай мектептері қоғамдық ұйымының жұмысын қаржыландырып, мамандарымызға еңбектерінің ақысын төлеп отыру үшін «Абай ілімімен өмір сүр» атты жексенбілік оқуларымыз ақылы болмақ. Сіздің жексенбілік оқуларға қатысуыңыз өміріңізге пайда әкеле отырып, «ABAY MEKTEPTERI» қоғамдық қорын дамытуға да үлкен септігін тигізетін еді.

Омар Жәлелұлымен "Абай ілімімен өмір сүр" жобасы